ЖҰМЫС НӘТИЖЕСІ ЕЛДІҢ СЕНІМІ АРҚЫЛЫ БАҒАЛАНАДЫ
Қызылорда облыстық прокуратурасының кеңейтілген алқа мәжілісі өтіп, онда осы жылдың бірінші жартысындағы жұмыс қорытындысы сарапталды. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Алқа отырысына барлық қала, аудан және табиғат қорғау прокурорлары, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің облыс бойынша басқармасының басшылық құрамы қатысты.
Алқа мәжілісінде облыс прокурорының орынбасары Ж.Еламанов пен басқарма бастығы Е.Қожанов жарты жылда атқарылған жұмыс пен алдағы мақсат пен міндеттер жайлы айтты. Жіберілген кемшіліктерді атап өтті.
Облыс прокуроры Х.Дәуешов прокуратура органдарының қызметіне қатысты қолданыстағы заңнамаларда орын алған соңғы өзгерістерді сөз қылып, ендігі кезде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мүддесін, бизнес пен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында прокуратураның нақты рөлі айқындалып, күшейтілетіндігін жеткізді.
«Қазіргі таңда, ескі жұмыс әдістері тиімсіз және олар қажетті нәтиже бермейді. Сол себептен, біздер жаңа форматтағы халық пен қоғамның игілігіне бағытталған жаңа прокуратура қалыптастырамыз», - деп атап өтті облыс прокуроры.
Жобалық менеджменттің рөлі де атап өтілді. Осы жартыжылдықта облыстық прокуратура жобалық менеджмент тәсілдерін кеңінен қолданып, облыстық әкімдікпен және басқа да уәкілетті органдармен бірлесу арқылы бірқатар жобаларды жүзеге асырды.
Қорытындылай келе, облыс прокуроры барлық қызметкерлерге менеджмент әдістерін тиімді қолдана отырып, өздерінің жұмысқа деген кәсіби ынталары мен өрістерін өзгертуді сұрады. Енді, прокурордың атқарған жұмысы сандық көрсеткіштермен емес, халықтың сенімі арқылы бағаланады.