«АГРОБІЛІКТІЛІК ОРТАЛЫҒЫ» 140 КӘСІПКЕРДІ ОҚЫТТЫ
«Атамекен» ҰКП жанынан құрылған «Агробіліктілік орталығы» ЖШС мен Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы ауыл шаруашылығы саласындағы 140 жергілікті кәсіпкерді оқытып, біліктілігін жетілдірді. Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Алма Пірманова айтты.
Палатаның баспасөз қызметі хабарлағандай, биыл облыс бойынша өсімдік және мал шаруашылығы бойынша 8 базалық шаруашылықта семинарлар өткізу жоспарланған болатын.
Қорытынды семинар «Жылқы шаруашылығы» бағыты бойынша Жаңақорған ауданындағы іргелі шаруашылықтардың бірі – «Бақытжан» шаруа қожалығында өткізілді.
Семинар барысында тыңдаушыларға ет және сүтті бағытындағы жылқы түлігінің ерекшеліктері мен артықшылықтары, күтіп-баптау мен түрлі ауруларының алдын алу тәсілдері, мемлекет тарапынан берілетін көмек түрлері және өзге де тақырыптар түсіндірілді.
Практикалық сабақ барысында арнайы құралдардың көмегі арқылы жылқыға бонитировка жүргізу, чиптерді салу және таңба басу жұмыстары көрсетілді.
Семинарды «Агробіліктілік орталығы» ЖШС мамандары Дәурен Сыдықов пен Оралбек Әліханов жүргізді.
Жалпы осы жылы облыс бойынша өсімдік шаруашылығы бағыты бойынша өткен 4 семинарға 70 тыңдаушы, мал шаруашылығы бағытында ұйымдастырылған 4 семинарға 70 тыңдаушы қатысты.
Айта кету керек, ауыл шаруашылық тауар өндірушілерге мемлекеттен көрсетілетін қолдаулардың барлық түрлері туралы ақпарат алғыңыз келсе, «Атамекен» ҰКП байланыс орталығының 8-8000808010 нөміріне хабарласа аласыз. Қоңырау шалу тегін.