ҚАЛАДА ҚАРҚЫНДЫ ТІРЛІК БАР
Бүгінде Қызылорда қаласында бірқатар ірі нысандар салынып, көшелер жөнделуде. Осыған орай қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бірқатар БАҚ өкілдерін облыс орталығында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырып, тұрғындармен кездесті.
БАҚ өкілдері әуелі Сырдария өзенінің сол жағалауынан салынып жатқан жаңа қаланың құрылысы мен Тасбөгет кентіндегі балалар спорт-ойын алаңында болды. Спорт алаңын жылы 9 млн. теңгеге, Тасбөгет кенті әкімдігінің кірісі есебінен салынған болатын. Қала басшысы осы жылы да алаңдар салу жалғасатынын айтты. Мысалы, биыл шаһарда осындай 20 спорттық-жаттығу нысандары бой көтереді. Бұл бағытта бюджеттен 80 млн. теңге қаржы қаралған.
Соңғы үлгідегі, заманауи талаптарға сай спорттық-жаттығу алаңында веложаттығу, кермеше, брусья, түрлі күштік жаттықтырғыш құралдарымен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар, әкім журналистерге кенттегі жалпы ұзындығы 8,7 шақырымды құрайтын жол жөндеу жұмыстарының жай-жапсарын баян етті.
Бүгінде облыстық бюджеттен бөлінген 187 млн. 546 мың теңгеге кенттің 5 көшесіне (Тәуелсіздік, М. Шоқай, Қ. Исмайлов, Школьная, Ш. Есенов) күрделі жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілсе, 184 млн. 776 мың теңгеге 3 көшеге (Ж. Маханбетов, М. Мәметова, Ә. Молдағұлова) күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен бірге кенттің қолма - қол бақылау шотынан бөлінген 30 млн. 716 мың теңгеге жалпы ұзындығы 1 шақырымға жуық 7 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалуда.
Қала әкімі Н.Нәлібаев осы мөлтек аудандағы Қойсары батыр көшесінің тұрғындарымен кездесіп, жағымды жаңалықпен бөлісті және осы уақытқа дейін шыдамдылық танытып, түсіністікпен қарап келген тұрғындарға алғысын білдірді.
«Осындай мүмкіндікті жасап отырған Елбасына және тікелей қолдау көрсеткен аймақ басшысына үлкен рахмет. Бірнеше жылдан бері біз үшін ең өзекті мәселелердің бірі болып келген бұл көшенің жөнделуі өте қуанышты жағдай. Әрине, бәрін бірден жасап беріп сіздердің алғыстарыңыз бен баталарыңызды алғанға не жетсін. Бірақ, бар мәселе қаржыға келіп тірелетінін Сіздер де жақсы білесіздер. Дегенмен, бар мүмкіндікті пайдаланып мәселені жедел шешуге жұмыс жасап жатырмыз. Барлығы кезең-кезеңімен жоспарлы түрде ретке келтіріледі», - деді қала әкімі.
Келесі нысан «Нұрлы Жол» бағдарламасы арқылы Қ. Ажаров көшесінде қайта жаңғыртылып жатқан ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары болды. Жалпы, «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы Қызылорда қаласы бойынша ауыз су және кәріз су жүйелерін қайта жаңғыртудан өткізуге республикалық бюджеттен 3 млрд. 43 млн. 907 мың теңге қаржы бөлінді.Бұл қаржыға 27 жоба бойынша 34,4 шақырым ауыз су және 7,8 шақырым кәріз су құбырлары қайта жаңғыртылатын болады.
БАҚ өкілдеріне арналған пресс-тур, күрделі жөндеуден өтіп жатқан Қорқыт ата көшесіндегі қала тұрғындары «Тесік көпір» атап кеткен темір жол көпірі маңында аяқталды. Бұл жерде темір жол өткеліне жаңа технологияларға сәйкес резеңке төсеніш салынып, жауын-шашында көпір астына жиналатын суды құрғататын арнайы құрылғы орнатылуда.
Жалпы алғанда, ұзындығы 5,8 шақырымды құрайтын бұл жолды күрделі жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен 1 млрд. 426 млн. теңге бөлінген.
4 жолақты бұл жолдың ені 14-21 метр болса, 11,7 шақырым жаяу жүргіншілер жолы мен 156 дана түнгі жарық бағанасы, 19 аялдама салынды.
Қала әкімі Н.Нәлібаев жол құрылысы кезінде туындаған жайсыздықтар үшін қала тұрғындарын түсіністікпен қарауға шақырып, жолдың жақын күндері толық пайдалануға берілетіндігін жеткізді.