ТАТУЛЫҚТЫ САҚТАҒАН – ТЕКТІЛІКТІҢ БЕЛГІСІ
Бүгін аудандық ішкі саясат бөлімі, «Қоғамдық келісім» КММ мен «Жалағаш достық мекені» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Татулықты сақтаған – тектіліктің белгісі» атты түрлі этнос өкілдерімен кездесу өтті. Оған «Жалағаш аудандық жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Е.Бақбергенұлы, әртүрлі этнос өкілдері қатысты.
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының баспасөз қызметі хабарлағандай онда түрлі этнос өкілдерімен достықты татулыққа ұластырған беделді отбасылар туралы ой қозғалып, пікір айтылды.
Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қатысушыларға арнап көрме ұйымдастырды. Ал, қазақ елінің келіні атанған Иринаға отбасындағы татулыққа байланысты сұрақтар қойылды. Сонымен қатар, аудандық әуез мектебінің оқушылары Н.Тахир ән салса, М.Шәріп флейта аспабында композиция орындады.
Келелі кездесу соңында белсенді қатысушыларға «Жалағаш достық мекені» қоғамдық бірлестігінің арнайы алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтары табысталды.


