СЫНАБЫ БАР ШАМДЫ ЖИНАЙТЫН КОНТЕЙНЕРЛЕР КӨБЕЙЕДІ
Биылғы қаңтар-мамыр айларында облыс бойынша 61,7 мың тонна тұрмыстық қатты қалдық жинақталса, оның 1,64 мың тоннасы қайталама ресурс ретінде өңделіпті. Бұл туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының есебінде айтылады.
Қызылорда қаласында «Эко-Н Сервис» ЖШС құрамында уландырғыш сынап бар энергия үнемдеуші шамдарды жинау және залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуде.
Жобаға «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында грант бөлініп, мемлекеттік қолдау ретінде өндірістік аймақтан 0,5 га жер телімі берілген.
Қазіргі таңда мөлтек аудандарда орналасқан көпқабатты үйлердің ауласында арнайы контейнерлерден құрамында сынабы бар электрүнемдеуші 26466 дана шам жиналып, залалсыздандырылды.
БҰҰ Даму Бағдарламасының аясында қала аумағында осындай 24 дана контейнер орнатылды. ҚР Өңдірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторымен бірлесіп, биыл облысқа тағы осындай 850 арнайы контейнер алу жоспарлануда.