ӘСКЕРИЛЕР ИГІЛІКТІ ІС ЖАСАДЫ
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 25 жылдығы аясында Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің жеке құрамы «25 игі іс» акциясын бастады.
Департаменттің баспасөз қызметі хабарлағандай, осы мақсатта, әскери қызметшілер елдің тыныштығын күзетіп қана қоймай, жағдайы төмен отбасыларына жәрдем берді.
Осындай отбасының бірі Гүлмира Сданованың алты баласы бар. Екі қыз, төрт ұл тәрбиелеп отырған батыр ананың екі баласы мүгедек екен. Үлкен ұлы Тимур көктемде әскер қатарына алынған болатын. Анасының айтуынша, Тимурдың арманы болашақта әскери қызметші болу.
– Әрине, қайырымды істі елге жариялаған дұрыс емес. Дегенмен, кішкене болса да балалардың жүректеріне қуаныш сыйлап, әскери формадағы аға-әпкелерінің кез келген уақытта қол үшін созуға дайын екенін көрсеткіміз келді, – дейді Қарулы Күштердің ардагері, запастағы подполковник Асқар Байсопақов.
Қызылорда гарнизонының әскери қызметшілері бұл игі бастаманы алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғастыратын болады.