ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБА АЯСЫНДА РЕЙД ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысымен «ҮЕҰ-ның қатысуымен қоғамдық кеңестер мен әлеуметтік бақылауды арттыру» әлеуметтік жобасын жүзеге асыру аясында үкіметтік емес ұйымдар мен «Қызылорда облысының азаматтық Альянсы» қауымдастығы «Сыбаға» базарында рейд ұйымдастырды.
Бұл шараны өткізуге қоғамдық кеңеске қала базарларында таразыдан жеу жиілеп кеткенін айтқан тұрғындар шағымы түрткі болыпты. Базардағы таразыны тексеруге ҮЕҰ өкілдерімен қатар қалалық қоғамдық кеңес мүшелері, ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Қауымдастықтың баспасөз қызметі хабарлағандай базардың бірнеше тұсынан азық-түлік сатып алынып, арнайы таразыда тексерілген. Үш заттың екеуінің салмақ кемдігі анықталды. Осы фактіге байланысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Тұтынушылар құқықтарын қорғау қоғамының жетекшісі Серік Теңізбаевтың айтуынша бұған заңда қаралған жаза бар. Бірақ сатып алушылардың көпшілігі алған тауарының салмағының кемдігіне байланысты полицияға шағымдануды артық шаруа санайды. Осыдан да заңсыздық жалғаса береді.