КӘРІЗ СОРҒЫСЫ СТАНЦИЯСЫНДАҒЫ ГАЗДАН ҮШ ЖҰМЫСШЫ УЛАНЫП ӨЛДІ
Оқыс оқиғаға орай қала әкімінің орынбасары Асылбек Шәменов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары Сайд Молдақараев, «Қызылорда су жүйесі» МКК директоры Нұржан Диқанбаев пен облыстық жұмылдыру басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Бәкіровтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
Баспасөз мәслихатында белгілі болғандай кәріз сорғысында жұмыс істеп жатқан «Қызылорда су жүйесі» мекемесінің 5 жұмысшысы газдан уланыпты. Олардың екеуі, 1959 жылы туған Смағұлов пен 1963 жылғы Омаров оқиға орнында қаза табады.
Олардың денелері мен қалған үш жұмысшыны Оңтүстік аэромобилдік жедел-құтқару жасағы мамандары алып шыққан. Үшеудің бірі Куватов облыстық медициналық орталығына, ал Саудабеков пен Боранқұлов қалалық ауруханаға жеткізіліпті.
Қатты уланған Боранқұлов кеше кешке есін жимастан қайтыс болды. Дәрігерлер қалған екеуінің өмірі үшін күресуде.