ЫНМЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Қызылорда облысы бойынша соттар әкімшісінің басшысы Азамат Жұмамұратов пен Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Мира Қазбекова өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Меморандумға қол қою рәсіміне соттардың мұрағатқа жауапты қызметкерлері, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мамандары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Меморандум ұлттық архив қоры құжаттарын және басқа да архив құжаттарын жинақтау, уақытша сақтау және пайдалану мақсатында ведомстволық немесе жеке архивтер құру, ғылыми-техникалық құжаттама, дыбыс-бейне жазу құжаттамасы, тарихи деректемелермен алмасу, сондай-ақ архив құжаттарынан көшірмелер жасауға мүмкіндік беру, құжаттардың құндылығын сараптау, ғылыми-техникалық өңдеу жұмыстарын жүргізуде әдістемелік-практикалық көмек көрсету, құжаттарды сақтаудың жай-күйіне аса мән беріп, архивке өткізудің заңдылығын меңгеру және ынтымақтастық аясында түрлі іс-шаралар өткізіп отыруды көздейді.
Шара барысында Азамат Жұмамұратов бекітілген меморандум аясында нәтижелі жұмыс атқарылатындағына сенім білдірді. «Мемлекеттің тарихи даму сатысындағы өткен өміріне бірден-бір дәлел бола алатын нақты белгі – жазылып қалған қолжазбалар мен құжаттар, ал оларды жинақтауда мұрағаттардың орны ерекше», - деді ол.
Мира Қазбекова өз сөзінде архив саласы да ұлттық қорымыздың басты атрибуты болып табылатынын айтып өтті.