АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР БАР
Облыста ауылшаруашылық өндірістік кешенін дамыту мен экспорттық әлеуетті арттыру бағытында 2017-2020 жылдар аралығында 30 млрд. теңге көлеміндегі 99 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл туралы облыстық ауылшаруашылығы басқармасының есебінде баяндалады.
Шиелі кентінде ЖК «Мөлдір и К» қуаттылығы жылына 3,5 млн. дана жұмыртқа өндіретін құс фермасын іске қосты. Қазіргі таңда құс фермасында 11 мың бас тауық жұмыртқа салуда. Жыл соңына ферманы 65 тонна құс етін өндіруге бағыттап, жобаны кеңейтуді межелеуде.
Сондай-ақ, кентте шұбат өңдеу цехы іске қосылды. Бүгінгі күні цех базасында «Төрт түлік» АӨК құрылып, тәулігіне 1 тонна шұбат өнімдерін өндіріп отыр.
Қызылорда қаласында ЖК «Натишаева» 5 гектар аумаққа 120 жылыжай кешенін, 1 гектарға көкөніс және бақша дақылдарын өсіру жобасын іске қосты. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары толық аяқталып, 46 жылыжайға көкөніс отырғызылып, жұмыстары жалғасуда.
Сонымен қатар, осы жылы автоматтандырылған 1 жылыжай, қуаттылығы жылына 1500 тонналық құс етін өндіретін құс фабрикасы, қой бордақылау алаңы мен жылына 250 тонна қозы етін өндіретін кешен, жылдық қуаттылығы 2 мың тонна ет комбинаты және 200 гектар тамшылатып суару әдісімен қызанақ өсіру жобасын жүзеге асыру жоспарлануда.