ПЕРИНАТАЛДЫҚ ОРТАЛЫҚТА ЖАТТЫҒУ ӨТТІ
«Ана мен бала» перинаталдық орталығында қызметкерлер мен ем алушыларды эвакуациялау бойынша өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді.
Жаттығу жоспары бойынша жалын төрт қабатты орталықтың екінші қабатында орналасқан асхана бөлмесіндегі жабдықтың техникалық ақауынан басталды. Осы сәтте автоматты өрт сигнализациясы және хабарлау жүйесі дереу іске қосылып, адамдарды эвакуациялау басталды. Өрт сөндірушілер жауынгерлік қанат жайып, ғимаратты толық тексеріп шықты. Автосаты көмегімен екі адам эвакуацияланды. Өртті сөндіру уақыты регламентке сәйкес келді.
Іс-шара соңында Қызылорда облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Б.Қосмұратов жаттығудың ойдағыдай өткенін атап өтті.
Өрт-тактикалық жаттығуға жеке құрамның 37 қызметкері, жедел бригада өкілдері, Апаттар медицинасы орталығы мен жергілікті полиция қызметі мамандары жұмылдырылды.