ЖАҢАҚОРҒАНДА ҮЗДІК ӨНЕРПАЗДАР АНЫҚТАЛДЫ
Жаңақорған ауданындағы Жаңарық ауылдық клубында «Үздік домбыра-2017» аудандық байқауы таланттыларды танытты. Бұл туралы аудандық «Жаңақорған тынысы» газеті хабарлайды.
Байқаудың мақсаты – жалпы әрбір ауылдағы клуб үйіндегі үйірме жұмыстарын жандандыру және олардың қазіргі заман талабына сай жұмыс жасауын қамтамасыз ету. Ауыл мәдениетінің дәрежесін көтеруге өз үлесін қосып жүрген дарынды жастардың өнерін дәріптеу.
Байқауға он бір ауылдық клуб үйлеріндегі домбыра үйірмесінің мүшелері қатысып, бақ сынады. Нәтижесінде жүлделі бірінші орынды Аққорған ауылдық округінің өнерпаздары, ағайынды Бақберген мен Айдын Әлиасқар жеңіп алса, екінші орын Арман қоныстық мәдениет үйінен қатысқан Данияр Болатұлына бұйырды. Ал үшінші орынды Қожакент ауылының домбырашылар ансамблі мен Арман кенттік мәдениет үйінің өкілі Жаннұр Сейдулла өзара бөлісті.
Байқауға қатысқан өнерпаздарға ауылдық клуб үйі дайындаған сыйлықтар мен алғыс хаттар табыс етілді.