МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІ АТТЕСТАТТАУ АЯҚТАЛДЫ
Мемлекеттік қызметкерлерді аттестаттау аймақта жоғары деңгейде өтті. Бұл туралы бүгін БАҚ өкілдерне Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысы Абзал Мұхимов баяндады.
Мемлекеттік қызметкерлерді аттестаттау кәсіби мемлекеттік аппарат құрудың бастамасы. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы 15 қадамды қамтыған бағыт аясында республикада ауқымды шаралар атқарылуда.
Мұндай жұмыстар Сыр елінде де жасалып жатыр. Жергілікті атқарушы органдардағы 2700 қызметші кешенді аттестациялауға қатысып, 928-і түрлі себептермен босатылған. Қызметтегі ауысымдылық бойынша 60 адам өз еркімен жұмыстан кетіп, өткізілген лауазымдық конкурстардың нәтижесінде аймақтағы мемлекеттік қызметкерлер саны 192 маманмен толықты,– дейді департамент басшысы.
Сондай-ақ, биылдан бастап құқық қорғау органдарына алғаш кіретін азаматтар да тестілеуге міндеттелді. Жаңа заңға сәйкес бірінші рет тестілеуге 331 адам қатысып, оның 120 шекті көрсеткіштен жоғары нәтижеге ие болды.