ПАЛАТА МЕН ПРОКУРАТУРА КӘСІПКЕРЛЕР МӘСЕЛЕСІН БІРЛЕСЕ ШЕШЕДІ
Жақында Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов пен Қызылорда көлік прокуроры Тимур Шүленбаев өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.
Шара барысында Ғалымбек Жақсылықов кәсіпкерлер палатасының саланы дамытуда түрлі саламен ынтымақтаса жұмыс жүргізіп келе жатқандығын айтты.
Облыс көлемінде кәсіпкерлікті дамыту, шағын және орта бизнестегі әкімшілік кедергілерді төмендету, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында прокуратура, Әділет, Мемлекеттік қызмет істері департаменттерімен, сондай-ақ салық органдарымен әріптестік негізде жұмыс жасап келеміз. Мәселен, кәсіпкерлер енді жоғарыда аталған әр мемлекеттік органды араламай-ақ, мәселе туындаған жағдайда апта сайын Кәсіпкерлер палатасында өткізілетін қабылауларға қатысуға мүмкіндік алды, - дейді ол.
Ал көлік прокуратурасымен келісім жасауға кәсіпкерлер тарапынан көлік тасымалдау саласына қатысты мәселелердің жиілеуі себепші болыпты.
Қос тарап алдағы уақытта салаға қатысты туындауы мүмкін мәселелердің алдын алу мақсатында алдын ала түсіндірме жұмыстарын жүргізуге, заңсыздықтар мен әкімшілік кедергілердің алдын алуға, сонымен бірге мәселе туындаған жағдайда бірлесе жедел шешуге уағдаласты.
Айта кету керек, Кәсіпкерлер палатасына жыл басынан бері бизнес өкілдерінен 100-ден астам өтініш түсіп, оның 44-і оң шешілді. Нәтижесінде кәсіпкерлер 217 млн.766 мың теңгесін сақтап қала алды.