АЙМАҚТЫҢ ТУРИЗМДІК ӘЛЕУЕТІ КЕҢІНЕН НАСИХАТТАЛДЫ
Облыс басшылығының тапсырмасына сәйкес облыстың туризмдік тартымдылығын арттыру, аймақтағы демалыс орындары мен тарихи нысандарды насихаттау шаралары жүйелі жүргізілуде. Бұл бағыттағы бастамалар облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының есебінде көрсетілді.
Биыл сәуір айында Алматы қаласында «Туризм және саяхат» Халықаралық көрмесі өткізіліп, оған біздің аймақтан барғандар шетел кластерлері орналасқан павильондарда өз бұйымдарын көрсетті.
Көрмеге облыстағы басты туристік нысандар «Қорқыт Ата» мемориалдық және «Байқоңыр» кешендерінің үлестірмелі материалдары, туристік нысандары бар брошюралар, винилдік баннерлер қойылды.
Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 24-25 маусымында «Жастар болашақ энергиясы» ұранымен «Менің Отаным - Қазақстан» жас туристердің облыстық слеті Жаңақорған ауданы, Құттықожа елді-мекенінде орналасқан «Тау Самалы» демалыс орнында өткізілді. Оған 6 адамнан құралған 6 топ қатысып, оның ішінде жеңімпаз атанғандарға жүлделер табысталды.
Жыл басында Қызылорда облысының туристік саласын ілгерілету және «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру мақсатында басқарма жанынан ресурстық орталық ашылды.
Бүгінгі күні орталық арқылы ішкі саясат басқармасымен және жоғарғы оқу орындарымен бірлесіп, 30-ға жуық шара өткізілді, түрлі тақырыптағы көрмелер ұйымдастырылды. Сондай-ақ, орталықтың әлеуметтік желіде арнайы парақшалары ашылып, «ЭКСПО» аясында өткізілген шаралар үнемі жарияланып келеді.
Халықаралық көрме аясындағы нысан саналатын «Қорқыт ата» мемориалдық кешені жанында этноауыл жобасы ұйымдастырылды.
Шетелдіктерге этноауыл аймағын таныстыратын 3 тілде сөйлейтін гид-экскурсоводтар жұмыс жасауда. Этноауылға келген қонақтар қазақ халқының ұлттық ойындарымен (теңге ілу, арқан тарту, алтыбақан тебу, қазақ күресі, асық ойнау,) таныса алады. Ұлттық дәстүрлерді ұлықтаған ауылға бүгінге дейін елімізден бөлек Германия, Ирландия, Румыния, Франция, Өзбекстан мен Қырғызстаннан туристер келді.
«Тенгри» борттық журналында өңіріміздің негізгі туристік объектісі «Қорқыт ата» мен «Байқоңыр» кешені насихатталуда.