ЖИЫРМА ЖҮРГІЗУШІГЕ ХАТТАМА ТОЛТЫРЫЛДЫ
Қала әкімдігі және қалалық жергілікті полиция қызметінің ұйымдастыруымен облыс орталығы көшелерінде жол қауіпсіздігін сақтау талаптарының орындалуына рейд жүргізілді.
«Нұр Отан» партиясы Қызылорда қалалық филиалының өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, ҚІІБ ЖПҚ ЖППБ-ның жеке құрамы қатысқан рейд жұмыстарының мақсаты ҚР ІІМ-нің №10 санды бұйрығы мен «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының патрульдік-бекеттік қызметін ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулығына» сәйкес жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау, үйлену тойларында ұйымдастырылатын автокөліктері шеруінің жол-көлік оқиғаларын болдырмауына бақылау жасау болды.
Рейд аясында жол қозғалысы ережесін бұзып, талапты сақтамаған 20 жүргізушіге хаттама толтырылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қала әкімдігінің ықпалымен тәртіп бұзған автокөлік иелерінің тізімі Фейсбук әлеуметтік желісіне жарияланды.