ТЫҢ КӘСІП КӨЗІН ТАПҚАНДАР
Астана қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары - 2017» республикалық көрме-байқауына «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» номинациясы бойынша қатысатын компаниялардың бірі - «Полимер-Продукт» ЖШС.
Компания иелері тың кәсіптің көзін тапқан жандардың бірі. Серіктестіктің полипропиленнен жасалған қаптары тұтынушылар сұранысына ие болған.
Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше елімізде әр ай сайын орта есеппен 75-80 миллионы сатылады екен. Соның 30-40 млн-ны ғана өзімізде өндіріледі. Ал қалғаны шетелден келіп жатыр. Сондықтан да серіктестік сырттан келетін тауарларды барынша ысырып, отандық өнімдердің қолданыс аясын кеңейте түсуді жоспарлауда.
Полимер шикізатынан жасалатын полипропилен қапты даярлау 5 сатыдан тұрады. Әуелі полимер шикізатынан жіп иіріледі. Дайын жіптен қап тоқылады. Одан әрі қапты өлшеміне қарай кесу, тігу, тапсырыс берушінің логотипін басып шығару атқарылады.
Барлық жұмыс тапсырыс берушінің қалауы бойынша жасалады. Одан бөлек, бұл жерде тігін цехы да бар, қаптың ішіне целофан қосып тігіп беруді сұраған тапсырысшылар талабын осы цех орындайды. .
Күніне 30-35 мың дана қап әзірлейтін зауыт бірнеше ірі компаниялармен келісімшартқа отырған. Олардың қатарында «Абзал и К» ТС, «КазАзот» АҚ, «АгроХолдинг Байқоңыр» ЖШС, «Жан-Арай» ЖШС мен бірнеше шағын кәсіпорындар бар. Қап тігетін 15 станогы бар зауыт тәулігіне 3 ауысымда тоқтаусыз жұмыс істейді.
Жетпіске жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған өндіріс орны басшылығы алдағы уақытта 2–ші қабатты да іске қосып, кәсібінің ауқымын кеңейтуді жоспарлауда. Бұл әрине тағы да 50 адам жұмыспен қамтылады деген сөз.