43 «СӘНДІ НӨМІР» 15 МЛН. ТЕҢГЕГЕ САТЫЛДЫ
Биылғы 6 айда облыста "001", "888", "100", "111", "555", "777" деген сандардан құралған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісінің 43 данасы сатылымға қойылып, 15 миллион көлемінде түсім түскен. Өткен жылы аталған мемлекеттік нөмірлердің 76 данасы 25 миллион 944 мың теңгеге сатылған болатын. Бұл туралы ОІІД баспасөз қызметі хабарлады.
Мұндай тіркеу белгілерінің ең жоғары сұранысқа ие түрі – «111». Құны 310 853 теңге тұратын бұл нөмірді өткен жылы 31 автокөлік жүргізушісі (290 577 теңге) сатып алса, осы жылы 20 автокөлік иесі иемденген.
Айта кету керек, жыл басынан бері Әкімшілік полиция басқармасының тіркеу емтихан қабылдау бөлімшесі арқылы 15813 көлік құралы тіркеуге алынып, 13620 мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі берілген.
ОІІД ӘПБ ТЕжБ-мен есепті мерзімде 449 көлік құралы қайта тіркеуге алынса, оның ішінде Қазақстан Республикасында шығарылған көлік құралдарының саны – 76, алыс шет елдерде шығарылған көлік құралдарының саны – 116, ТМД елдерінен шығарылған – 17 және Кеден одағы елдерінен әкелінген – 240.
2017 жылдың 3 шілдесінде Мемлекет басшысы жол қозғалысы саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойып, аталған түзетулер 2017 жылдың 15 шілдесінен бастап қолданысқа енді.
Аталған өзгеріс бойынша жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткен жағдайда жүргізуші теориялық және практикалық емтихан тапсырмай, жүргізуші куәлігін айырбастап ала алады.
Сонымен қатар, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің цифрлық, әріптік белгіленуіне кез-келген азамат таңдау жасап, Салық кодексінің 540-бабының 9-тармағына сәйкес төлем жасап алуына мүмкіндік қарастырылған.