ҚАУІПТІ КЕСЕЛДІ БОЛДЫРМАУДЫҢ ЖОЛЫ АЙТЫЛДЫ
Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде аймақтағы конго-қырым геморрагиялық қызбасының эпидемиологиялық ахуалы мен аурудың алдын алу бағытындағы жұмыстарға арналған брифинг өтті.
Онда қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мен «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК облыстық филиалы мамандары қауіпті кеселді болдырмау жолында атқарылып жатқан істерге тоқталды.
Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ұ. Аханаева биыл кене шағу фактісімен 1200 адам медициналық тексеруден өткенін айтты. Оның 22-сі қырым безгегін жұқтырды деген күдікпен ауруханаға жатқызылыпты. Толық тексерудің нәтижесінде 2 науқаста аталған дерт нақтыланды.
«Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК облыстық филиалы басшысы Ф. Қалиеваның айтуынша жыл өткен сайын кенелердің таралу аймағы ұлғайып келеді. Мысалы, биыл конго-қырым геморрагиялық қызбасының қолайсыз елді мекендер қатары өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға өсіп, 117-ге жетіп отыр.
Мамандар брифингте қауіпсіздік шараларын сақтап, кене шаққан жағдайда өз бетінше емделмей, дереу дәрігерлер көмегіне жүгінуді ескертті.