ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ АНЫҚТАМАЛАР ЖАҢА ЖҮЙЕ БОЙЫНША РӘСІМДЕЛУДЕ
Облыста ауыл шаруашылығы жануарлары мен өнімдеріне және шикізатына берілетін ветеринариялық анықтамалар «Бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесі» бойынша рәсімделуде. Облыстық ветеринариялық басқарма есебіне сәйкес үстіміздегі жылдың 6 айында барлығы 17998 дана (1-үлгі 9900, 2-үлгі 7646, 3-үлгі 452) ветеринариялық анықтамалар берілді.
Әртүрлі паразитарлық аурулардың алдын алу мақсатында қаңғыбас ит пен мысықтарды аулап жою тұрақты жүргізіліп келеді. Биыл бұл жұмыстарға 40,8 млн. теңге бөлініп, қазіргі күні 14120 бас қаңғыбас ит пен мысық жойылды.
Облыс бойынша мал көмінділерінің жалпы саны 146 болса, оның ішінде 69-ы типтік жобада салынған. Қалған мал көмінділерін типтік жобада салуға облыстық бюджеттен кезең-кезеңімен қаржы бөлінетін болады.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының сібір жарасынан станционарлық-қолайсыз пункттерінің 1948-2002 жылдар аралығындағы кадастры бойынша облыс аумағында тіркелген 67 індет ошағының 60-ның координаттары нақтыланды. Ошақтарды қоршап, белгі қою, мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне енгізу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 47,2 млн.теңге қаржы бөлінді.
Сібір жарасы індеті ошақтарының орналасқан жерлерінің дәл координаттары көрсетілген топографиялық карталарын әзірлеу үшін ҚР АШМ Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитетінің «Қазгеодезия» Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынымен келісім-шарт жасалып, ошақтардың топографиялық карталарын түсіру жұмыстары жүргізілді.