НЕСИЕНІ ҚАЙТАРУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
«Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында «Байқоңыр» әлеуметтік – кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ы тарапынан 2011-2015 жылдары Қызылорда қаласында 20 шағын несие ұйымдары арқылы 182 адамға 478,5 млн. теңге шағын несие таратылды. Қазір солардың арасынан 1 ұйым ғана несиені толығымен өтеді. Келісім-шарт міндеттемелерін орындамаған қалған 19 ұйымның қарызы 227,9 млн. теңгені құрап отыр. Бұл туралы қалалық жұмыспен қамту орталығы хабарлап отыр.
Орталық тарапынан шағын несие ұйымдары мен несие серіктестіктерінің төрағаларына несиені қайтару туралы ескертпе хаттар жолданды. Алайда бұл талап өз дәрежесінде орындалмай отыр.
Несиені қайтару бағытында қала әкімінің орынбасары Нұрлан Мақсұтовтың қатысуымен серіктестерінің өкілдерімен арнайы кездесу де өткізілді.
Онда «Байқоңыр» әлеуметтік – кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ сотқа шағымы негізінде барлық шағын несие ұйымдарын қарызды өндіруге міндеттеу туралы тиісті сот шешімі қабылданғаны айтылды.
Бүгінгі күнге сот орындаушылар тарапынан борышкерлердің мүліктік жағдайы тексеріліп, серіктестік директорларына ел аумағынан шығуына шектеу салынып, есеп-шоттарына инкассалық өкім қойылуда.