АУЫЛҒА ТАЗА АУЫЗ СУ ЖЕТЕДІ
“Елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту” бағдарламасы бойынша Қаракеткен, М.Шәменов ауылдық округтерінде ауыз сумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңғырту және кеңейту жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды «Жалағаш жаршысы» газеті.
Жуырда тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында бой көтерген құрылыс нысандарын «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, партияның аудандағы бақылау комиссиясының төрайымы Қаншагүл Мұстафаева аралап көрді.
Қаракеткен ауылындағы ауыз су құбырын жаңарту жуық арада аяқталып, ел игілігіне берілмек. Бұл жұмысты “Еңбек” ШЖҚ РМК “Еңбек-Қызылорда” мекемесі жүргізуде. Құрылыстың мән-жайымен танысқан Қ.Мұстафаева мемлекет тарапынан бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуымен бірге, құбырлардың сапалы болуына ерекше мән беру керектігін айтты.