АЛИМЕНТТЕН ЖАЛТАРҒАН БОРЫШКЕРЛЕРДІҢ МҮЛІКТЕРІ ТӘРКІЛЕНДІ
Қызылорда облысының Әділет департаменті мен өңірлік жеке сот орындаушылары бірлесіп, алимент төлемей жүрген борышкерлердің дүние-мүлкін тәркілеп, қарызды мәжбүрлі түрде өндіріп алу мақсатында рейд ұйымдастырып келеді.
Департаменттің баспасөз қызметі хабарлағандай, осындай бір шара барысында Қ.К есімді борышкердің теледидары мен су тазартқыш құрылғысы тәркіленді. Сонымен қатар, алимент төлеуден жалтарғандарға мемлекеттік сот орындаушысының ұсынысымен қалалық соттың ұйғарымы негізінде іздеу жарияланып, көші-қон полиция қызметкерлерімен бірлесіп, қасақана жасырынып жүргендердің тұрғылықты мекен-жайлары анықталды.
«Басты мақсат – борышкердің мал мүлкін тартып алу емес, балалардың заңды құқықтарын қорғау болып табылады. Сот орындаушылырымен алдағы уақытта мұндай шаралар ай сайын өткізіп отыру жоспарлануда»,- делінген департаменттің баспасөз қызметінің хабарламасында.