ӨҢІРДЕ ШИКІ МҰНАЙ ӨНДІРІСІ АЗАЙДЫ
Осы жылдың қаңтар-мамыр айларында облыс бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі ағымдағы бағаларда 297,6 млрд. теңгеге орындалып, нақты көлем индексі (НКИ) 2016 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 97,1% құрап отыр. Бұл туралы индустриялық-инновациялық даму басқармасының есебінде айтылады.
Мұнай кен орындарында қысым қабатының мөлшерден тыс сулануы мен кейбір кен орындарында мұнайдың түгесілуінен «қара алтын» өндіру көлемі азайды. Бұл өз кезегінде өнеркәсіп саласы көрсеткішінің төмендеуіне әкеліп соғып отыр.
Атап айтқанда, есепті кезеңде 197,0 млрд. теңгенің 2 861,6 мың тонна шикі мұнайы өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 86,3%-ға орындалған (2016 жылдың қаңтар-мамырында 3 315,1 мың тонна шикі мұнай өндірілген).
Кен өндіру өнеркәсібі және каръерлерді қазу саласында 240,6 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 2016 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 93,8% болып отыр. Шикі мұнай өндірісінің азаюы бұл көрсеткішке де әсер етті.
Оның ішінде 21,9 млрд. теңгеге техникалық қызметтер көрсетіліп, мұнай өндіру саласында көрсетілетін техникалық қызметтердің нақты көлем индексі 64,2% жоғарылаған. Осы сала бойынша аймақтағы «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-на қарасты кәсіпорындарда 11,7 млрд теңгеге металл кендері өндіріліп (уран), нақты көлем индексі 98,6%-ды құрады.
Өнеркәсіптік өңдеу өнеркәсібі саласында 2017 жылдың қаңтар-мамыр айларында 41,5 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 109,4% құрап, өнім көлемі 9,4%-ға артқан.
Атап айтқанда, тамақ өнімдерінің өндірісі 16,7%-ға (ет өнімдерін өндіру 26,6%-ға, сүт өнімдерін өндіру 18,6%-ға, нан және ұн өнімдерін өндіру 31,6%-ға артты), жеңіл өнеркәсіп – 2,2 есе, өзге металл емес минералдық өнімдерді өндіру (кірпіш, темір бетон) 39,8%-ға артып отыр.