АЙМАҚ ШАРУАЛАРЫ РЕСЕЙГЕ ЕТ ЖӨНЕЛТЕДІ
Аймақ ауылшаруашылығындағы басым міндеттің бірі ет экспортын жолға қою. Облыс шаруашылықтары арасында қазір осы бағытта жүйелі жұмыс атқарылып келеді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының мәліметінше бүгінде аймақта ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерінің өз қаржыларына салынған 18 мал бордақылау алаңы жұмыс жасауда.
Сонымен қатар, 2015-2016 жылдары 6 мың бас мал бордақыланатын алаңдар жаңадан қосылды. Осыдан 2 жылдай бұрын қолға алынған бастама аясында қазір Қазалы ауданы «Сыр маржаны» серіктестігінің мал бордақылау алаңында 250 бас МІҚ малы бағылуда. Бүгінгі күні мұнда сиыр етін экспортқа шығару мақсатында Ресейдің Астрахань облысымен келісімдер жүргізіліп жатыр.
Сырдария ауданындағы «Шаған Жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де 3000 бас мүйізді ірі қара малын бордақылауға арналған алаңының құрылысын аяқталды. Қазір серіктестік басшылығы бордақыға қоятын МІҚ малдарын алу бағытында жұмыс істеп жатыр.