МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІМІ ҰДАЙЫ НАЗАРДА БОЛАДЫ
Қалалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында «Қызылорда Азаматтық Альянсы» қауымдастығына өтінішпен келген тұрғындар мәселесі талқыланды.
Бұл шара облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысымен «ҮЕҰ-ның қатысуымен қоғамдық кеңестер мен әлеуметтік бақылауды арттыру» әлеуметтік жобасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылып отыр.
Азаматтық Альянсы қауымдастығы баспасөз қызметінің хабарлауынша бұл мақсатта ақпараттық-кеңес беру орталығы құрылып, азаматтардың арыз-шағымын қабылдайтын жәшік орнатылған. Екі ай ішінде осы жәшіктерге тұрғындардан 14 хат келіп түсті. Онда қоғамдық көлік, ауыз су мен азық-түлік сапасы, тұрғын үй модернизациясы, денсаулық сақтау мәселелері қамтылған.
Тұрғындар көтерген мәселелерге орай кеңеске тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, автобус паркі, жергілікті полиция қызметі, денсаулық сақтау басқармасының мамандары шақырылып, жұртшылықтың ұсыныс-пікірлеріне байланысты түсіндірме берді.
Қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Серік Дүйсенбаев көтеріліп отырған мәселелердің шешім табуы ұдайы назарда болатынын жеткізді.