ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ЖАСАҚ ҮЗДІК АТАНДЫ
Жуырда Өскемен қаласында Ғ.Байтасов атындағы жол қозғалысы жас инспекторларының 17-ші республикалық слеті өткізілді. Осы маңызды шараға Қызылорда облысының намысын қорғауға Сырдария ауданының №210 орта мектебінің КЖИ командасы аттанған болатын, деп хабарлайды Қызылорда ІІД қызметі.
Балалар мен жасөспірімдер арасында жол-көлік жарақатының алдын алу және қауіпсіздік шараларын нығайту мақсатында өткізілген жарысқа өңірлік сайыстардың жеңімпазы атанған 12-14 жас аралығындағы 180 жасөспірім қатысты. Слет аясында Ресей Федерациясы мен Қырғызстан Республикасының өкілдері де сайысты.
Жарыс қатысушылары «Жол қозғалысы ережесін білу», «Жас реттеуші», «Велосипедті мәнерлеп айдау», «Эрудиттер байқауы», «Жас санитарлар», «Велосипедті автоқалашықта айдау», «Үгіт бригадалар байқауы», «Саптық жарыс» байқауларында өзара бақ сынасты.
Жарыс қорытындысы бойынша Қызылорда облысының намысын қорғаған қозғалыстың жас инспекторлары І орынды қанжығасына байлап, 16 өңірдің ішінен үздік атанды. Ал Маңғыстау облысының ҚЖИ жасағы ІІ орын алса, қарағандылық жасақ ІІІ орынға тұрақтады.
Халықаралық деңгейде Ресей Федерациясының құрамасы бірінші орын алды, Қазақстан Республикасы және Қырғызстан Республикасының құрама командалары екінші және үшінші орын иеленді.