ЖҰМЫСШЫЛАР ТАЛАБЫ – ЖАЛАҚЫНЫ КӨТЕРУ
«Волковгеология» акционерлік қоғамы №23 геологиялық барлау экспедициясының жұмысшылары басшылықтан жалақыны көтеруді талап етіп отыр. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық арнасы хабарлайды.
Жұмысшылар бұған дейін осыған тиісті орындарға өтініш жазған. Олардың мәселесінен Алматыдағы бас кеңседегілер де жақсы хабардар.
Осыған орай арнайы келген «Волковгеология» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әмір Тайшығариннің айтуынша соңғы 8 жылда уран бағасы көтерілген жоқ, қайта соңғы 1-2 жылда өндіру көлемі 10 пайызға төмендеді.
–Сондықтан қазір жалақыны көтеру жоспарда жоқ, - дейді басқарма төрағасының орынбасары.
Қазір кәсіпорында 1060 адам еңбек етеді. Олардың жалақысы соңғы рет 2014 жылы 10 пайызға көтерілген.
Басшылықтың уәжімен келіспеген жұмысшылар облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасына да арызданыпты. Басқарма мамандарының айтуынша қазір жұмысшылар шағымы мұқият қаралуда.