«АҚ БИДАЙДЫҢ» БАС ЖҮЛДЕСІ ЖАҢАҚОРҒАНҒА КЕТТІ
20-22 шілде аралығында Қызылорда қаласында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен VI «Ақ бидай» ауыл спорт ойындары өтті. Бұл сынға облыстың аудандарынан 7 команданың намысын қорғаған 1000-ға жуық спортшылар спорттың 8 түрінен қатысты.
Төрт жылда бір рет өтетін ауыл спорт ойындары 3 кезеңде өткізілді. Бірінші кезеңі мамыр айында ауылдық елді мекендерден бастау алса, екінші кезеңі маусым, шілде айында аудан орталықтарында өткізілді.
Дене шынықтыру және спорт арқылы ауыл жастарының арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, ауылдық денешынықтыру қозғалысын дамытуды көздеген жарыстың облыстық кезеңінде жалпыкомандалық есеп бойынша бірінші орынды Жаңақорған ауданы спортшылары иеленсе, екінші орын сырдариялықтарға бұйырды. Үшінші орын иегері Қазалы ауданының спортшылары.
Жалпы есепте жеңімпаз және жүлдегер командаларға дипломдар мен кубоктар табыс етілсе, спорт түрлерінен жарысқа қатысушылар жекелей есепте естелік сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.