ҚАРАКЕТКЕН ТҰШПАРАСЫ
Қаракеткен ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Жанат Мырзақұлова мемлекеттік қолдау аясында тұшпара өндірісін іске қосты. Өзінің шағын тұшпара шығару цехына кәсіпкер 2014 жылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында қол жеткізді. «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау және дамыту бірыңғай бағдарламасына қатысып, гранттық қаржыландыру конкурсына өтінім берді. Жанат Мырзақұлованың жобасын қолдаған конкурстық комиссия оған 1 млн 195 теңге қайтарымсыз грант бөлді. Тиісті қаражатқа жеке кәсіпкер буып-қаптауға қажетті қондырғы сатып алды. Бүгінде өз ісін өрістетіп, өнімін тиімді бағамен сатылымға шығарған кәсіпкер іс бастаймын деушілерге мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп жатқанын айтады, деп жазады «Жалағаш жаршысы» газеті.
– Біздің өнімдеріміз бүгінгі таңда «Қаракеткен» брендімен Қызылорда қаласындағы «Аль-Асад» және «Скиф-Трейд Small» сауда үйлерінде сатылуда. Сонымен қатар, Жалағаш ауданының 10-ға жуық жеке дүкендерінің сөрелерінде тұр. Өндіріске қажетті барлық құрылғыға мен несиелік және гранттық қаражат арқылы қол жеткіздім және сол үшін мемлекетке алғысымды білдіремін, – дейді кәсіпкер.
«Қаракеткен» тұшпарасына арнайы мекеменің өнімге сәйкестік сертификаты берілген. Бүгінде сапалы әрі жергілікті өнімге тұтынушылар тарапынан сұраныс күн санап артуда. Жанат Мырзақұлованың айтуынша, тұшпара цехының өндірістік қуаты айына 2 тонна дайын өнім шығаруға қауқарлы.
– Біздің кәсібіміз – бұл біздің мақтанышымыз. Тұшпара өндіру цехының жұмысына менің барлық туысым мен отбасым да атсалысуда. Табанды еңбектің арқасында бүгінде отбасымның әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, ауылдастарымды да жұмыспен қамтып отырмын. Алғашында кәсіпті нөлден бастадық және қиыншылықтар да кездесті. Алайда мемлекеттің қолдауы арқылы бизнесіміз дамып келеді. Өнімді шығаруды бастағанымызға тек екі жыл толғанда барып, біз буып-қаптайтын қондырғыға қол жеткіздік. Нәтижесінде, шығатын өнімнің сапасы артты. Оған тұтынушыларымз да сенеді. Себебі, біздің өнімге сұраныс күн санап артып келеді. Кейде үлгере алмай жататын кезіміз де болады, – дейді ол.
Өндіріс орнында бастапқыда 2 адам жұмыс жасаған болатын. Бүгінде цехтың қызмет ауқымын кеңейткен кәсіпкер 9 адамды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта Жанат Мызақұлова басқа да кәсіп түрлерімен айналысуға ниет білдіруде. Мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалана отырып, тамыз айында «Лапша шығару» цехын ашуды жоспарлауда. Кәсіпкердің аталған сала бойынша мұнан бөлек алға қойған мақсаттары жетерлік. Уақыт өте оларды да қола алып, маңдайалды кәсіпорынға айналдыруды қалайды.