ЖЕРГІЛІКТІ КОМПАНИЯ ЖЕТІСТІГІ АСТАНАДАҒЫ КӨРМЕДЕ ТАНЫСТЫРЫЛАДЫ
28-30 шілдеде Астана қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары - 2017» республикалық көрме-байқауына Қызылорда облысынан 9 компания қатысады. Осы компаниялардың ішінде «Қазақстанның үздік тауары» облыстық көрме-байқауында «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» номинациясы бойынша 1-орынды иеленген «Электро Технология» ЖШС республикалық шарада елімізде теңдесі жоқ интеллектуалды автоматтандыру жүйесін таныстырады, деп хабарлайды облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.
«Электро Технология» ЖШС негізі 2003 жылы қаланған. Содан бері Қазақстандағы қызмет көрсету саласы нарығында берік орныққан кәсіпорынның Қызылорда қаласында, Құмкөл, Әлібекмола, Қожасай, ӨзенМұнай газ кеніштерінде арнайы электротехникалық жабдықтарды жөндеуге арналған өндірістік және жөндеу базалары, интеллектуалды автоматтық станцияларды басқару жүйесін жинап, жөндеу цехтары бар. Компания «Торғай Петролиум» кәсіпорнын толығымен электрэнергиясымен қамтамасыз етіп отыр. «Электро Технология» ЖШС-нің инженерлік-техникалық қызметкерлері үнемі жаңа жабдықтардың құрылымын игеріп, өздерінің біліктілігін көтеріп отырады. Алғашында кеніштердегі качалка станоктарында мұнай өндіруді оңтайландыру үшін құрылғылар орнату, электрқұрылғыларына сервистік қызмет көрсету, электржүйелерін және подстанцияларды жөндеу жұмыстарынан бастаған компания, биылдан бастап электрқұрылғыларын өздері шығара бастады. Зауыт директоры Батырбай Әбуовтың айтуынша, өнімге сұраныс жоғары. Зауыт өнімі Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында кеңінен танылған.
«Біздің шығарып жатқан интеллектуалды автоматтандыру жүйесі бұрын Қазақстанда шығарылмаған. Біз бұл басқару жүйесін елімізде бірінші болып шығарып жатырмыз. Қазір өзге компаниялар жұмыс жасап жатқан интеллектуалды станциялар шет елдерден келеді. Осы кезге дейін шетелден алып, орнатып келген болатынбыз. Кейін дағдарысқа байланысты, теңгенің девальвацияға ұшырауына байланысты сырттан тасу қымбатқа түсіп кетті. Содан біз ақылдаса келе, өзіміз шығаруға шешім қабылдадық. Өнімімізге елімізде сұраныс өте жоғары», - дейді Батырбай Әбуов.
«Электро Технология» серіктестігінде бүкіл Қазақстан бойынша жұмыс жасау мүмкіндігі бар лаборатория жабдықталған. Одан бөлек, интеллектуалды басқару станциясын жөндеуге арналған цех жұмыс жасайды. 200-ден астам адамды жұмыспен қамтып отырған компания жаңа электр құрылғыларын құрастыру барысында нақты зерттеу жұмыстарын жүргізіп, тапсырыс берушілердің барлық талап-тілектерін ескеруге тырысқан. Интеллектуалды САУ өте шағын және қондыруға оңай. Шетелдік қондырғыларға қарағанда монтаж жасауға ыңғайлы етіп шығарылуда. Сапа мен сенімге негізделген компания жұмысы бүгінде өрлеу үстінде. Жылына 500 құрылғы шығаруға қауқары бар кәсіпорын қазақстандық мұнай компанияларын толығымен отандық өніммен қамтасыз етіп, оларға сервистік қызмет көрсетуге дайын.
Айта кетейік, Астана қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары - 2017» республикалық көрме байқауында Қызылорда облысынан «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша «ЭлектроТехнология» ЖШС, «Полимер Продукт» ЖШС, «МИР 2001» ЖШС, «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша «ДАЛАТЕКС» ЖШС, «Қызылорда соқырлар қоғамы» оқу өндірістік коперативі» ЖШС, «ПромКоммерцКА» ЖШС, «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша «Арал тұз» АҚ, «Арал» сервистік дайындау орталығы» ЖШС, ЖК «Ермаханов» қатысады.