ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУШЫ 3 КОМПАНИЯМЕН КЕЛІСІМ-ШАРТ ТОҚТАТЫЛДЫ
Бүгінде облыс аумағында жер қойнауын пайдаланумен 100-ге жуық компания айналысып отыр. Оның дені кең таралған пайдалы қазбаларды, көмір сутегі шикізатын барлау және өндірумен айналысады.
Биылғы 6 айда облыстағы мұнай операторлары 3426,0 мың тонна мұнай өндірді, бұл көрсеткіш 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 86,9 пайызды құрап отыр.
Облыстағы жер қойнауын пайдаланушылардың кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған келісімшарттар талаптарының орындалуы бойынша облыс әкімі Қ.Көшербаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте тиісті ақпараттар әзірленіп ұсынылды.
Облыс әкімдігінің хабарына сәйкес жыл басынан бері облыстағы кең таралған пайдалы қазбаларды барлау мен өндіру мәселелеріне арналған комиссия отырысы 4 мәрте өткізіліп, тиісті шешімдер қабылданды.
«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Заңнамасына сәйкес облыстың жер қойнауын пайдаланушылардың 2013-2016 жыл аралығында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және облыстық бюджетке аударымдарына талдау жүргізілді. Сонымен қатар, «КиД-2003» ЖШС, «Альянс Доломит» ЖШС, «Асыл-Ғани» ЖШС, «Али Барс» ЖШС, «Жайылма-Оңтүстік» ЖШС, «Береке-Оңтүстік» ЖШС, «Кристалл-Тұз» ЖШС, «Қызылорда экспортастық» ЖШС, «Ас-Тұз-М» ЖШС, «Түктібаев» ЖК, «ДанАке» Корпорациясы ЖШС, «Өтеміс» ЖШС, «Саутс Ойл» ЖШС, «Мұхтар Н.К.» ЖШС кәсіпорындарына келісімшарт бойынша қаржылық міндеттемелер бойынша жіберілген кемшіліктерді жою туралы хабарлама жолданды.
Осы Заңының талаптарын орындамағаны үшін «УАД» ЖШС, «Сыр суы и К» ЖШС-мен жасалған келісімшарттың іс-әрекеті тоқтатылды.
Сонымен қатар, тараптардың келісімі бойынша «ПетроҚазақстан ҚұмкөлРесорсиз» АҚ-ның 21.05.2014 жылғы №157, және 11.05.2007 жылғы №47, №48, №49, №50 келісімшарттарының іс-әрекеттері тоқтатылды.