МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЕКІ МЫҢ БАЛА САПАЛЫ КӨМЕК АЛАДЫ
Қызылорда қаласының прокуратурасы «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қамқорлық» жобасын жүзеге асыруды жалғастыруда. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлайды.
Жоба мақсаты мүмкіндігі шектеулі балалардың құқығы мен мүддесін заң аясында қорғау.
Жобаны жүзеге асыру барысында психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттерінде штаттардың толық еместігі (сурдолог, офтальмолог, сурдопедагог) анықталды. Осыған орай прокуратура ұсынысымен қала әкімдігі психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттерінің штаттарды толықтыруына қолдау жасады. Сонымен қатар, барлық талапқа сай жабдықталуы да назарға алынды.
Енді 2 мыңға жуық бала медициналық және түзету көмектерін сапалы алатын болды.
Сонымен қатар, қала іргесіндегі Талсуат қыстағында орналасқан балаларға әлеуметтік көмек көрсету орталығында емделушілердің аздығы да анықталған. Тексере келгенде көп ата-ана ондай орталықтың барынан да хабарсыз болып шықты.
Өкілетті органдар мен осы орталық өкілдері қызметін үйлестіру арқылы қазір ата-аналар мен кәмелетке толмаған балалардың заңды өкілдері арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Осының арқасында 14 бала орталықта емделуге мүмкіндік алды.