ҚЫЗЫЛОРДАДА КӘНІГІ АЛАЯҚ ҰСТАЛДЫ
Қызылордалық полицейлер адамдардың сеніміне кіріп, олардың ақшаларын алаяқтық жолмен иемденіп кеткен 35 жастағы азаматты ұстады, деп хабарлайды ОІІД баспасөз қызметі.
Оның үстінен Қызылорда қаласының 11 тұрғыны шағымданған. Жұрт үстінен күн көріп жүрген ол түрлі уәдені үйіп-төгіп тұрғындарды\ң ақшасын алып кетіп отырған. Ол өзіне алданғандардың біріне жүргізуші куәлігін жасатып беретін болған, тағы біріне жұмысқа тұрғызбаққа уәде берген. Оған ақша бергендердің қатарында арзан бағаға жер немесе автокөлік сатып алғысы келгендер де бар. Оның жұртқа келтірген шығынының көлемі 1 миллион 611 мың теңгені құраған.
С.А. есімді азамат осы алаяқтың арбауына түскендердің бірі. Өткен жылы оның «Mitsubishi Galant» маркалы автокөлігін сатып алмақ болып уәделескен алаяқ «Анама көрсетіп келейін» деген желеумен оқиға орнынан бой тасалап, құны 720 000 теңге тұратын біреудің мүлкін заңсыз иемденеді.
Қазіргі таңда аталған азаматтың үстінен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы негізінде қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Оның алаяқтық әрекетінен зардап шеккен басқа да қала тұрғындарының жеке басы анықталуда.
Соңғы уақыттары осындай оқиға жиілеп кеткендіктен құқық қорғаушылар жылжымайтын мүлік сатып алу немесе басқа да мәселелер бойынша келісімшарттар жасамас бұрын, заңгерлермен және құзырлы орган қызметкерлерімен кеңесіп, құжаттарды мұқият қарап, сақтық шараларына мән беруді сұрайды.