ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ӨЗ ЖЫЛЫЖАЙЫ БАР

Аймақта 2014 жылдан бастап жұмыс жасап келе жатқан БҰҰ Даму бағдарламасы халыққа әлеуметтік, экологиялық жағынан көмек беруді көздейді. Осы мақсатта әлеуметтік және білім беру салаларында жылыжайлар салынуда. Талсуаттағы жылыжай осы жұмыстардың жемісті жалғасы деп айтуға болады.
Оңалту орталығы алаңында бой көтерген жылыжай осы өңірдің табиғи климатына төзімді құрылыс материалдарымен салынған. Осы игіліктің басы-қасында жүрген БҰҰ облыстағы менеджері Баян Егізбаева мұндай жылыжайдың аудандарда да салынып жатқанын айтты.
– Өздеріңіз көріп отырғандай, бүгін мүгедектерді оңалту орталығында жылыжай салынды. Енді аталған нысан осы жерден ем қабылдайтын адамдардың игілігіне жарайды. Ем алушыларды табиғи өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік туды. Ең бастысы, бұл жұмыстардың барлығы БҰҰ мен «SAMSUNG» компаниясының қолдауымен қайтарымсыз грант арқылы жүргізілуде. Мұндай жылыжайлар Шиелі, Жаңақорған, Жалағаш, Қазалы аудандарында да пайдаланылуға беріледі, – деді Б.Егізбаева.