ҚОРҚЫТ АТА КӨШЕСІ ҚЫРКҮЙЕКТЕ ТОЛЫҚ ЖӨНДЕЛІП БІТЕДІ
Жыл өткен сайын Қызылорда қаласы көшелерін жөндеу жұмыстары қарқын алып келеді. Биыл облыс орталығындағы 6 көшеге күрделі жөндеу жүргізілуде.
Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы ірі жобаның бірі – Қорқыт ата көшесіне жасалып жатқан күрделі жөндеу жұмыстары. Бұған облыстық бюджеттен 1 миллиард 426 миллион теңге бөлініп отыр.
Бұл қаладағы ірі көшелердің бірі. Сондықтан да жөндеушілер көлік қозғалысын қиындатпас үшін көше участоктарға бөлініп, жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда. Алғашқы учаске – Қазыбек би мен Желтоқсан көшесі аралығы мамыр айының соңында пайдалануға берілді. Қазір басқа участоктерде жұмыс жалғасуда. Мамандардың айтуынша, қыркүйек айында көше толық жөнделіп бітеді.
Сонымен қатар, облыс орталығындағы жалпы ұзындығы 6 шақырым болатын 11 көшеге орташа жөндеу жасалуда. Бұл жұмыстарға қаржы қалалық бюджеттен бөлінді.
Бағдаршамдарды күтіп ұстау мен жол белгілерін, көше сызбаларын жаңартуға облыс бюджетінен бөлінген 86 миллион теңге жұмсалады
Қалада жалпы 765 көше бар. Соңғы 4 жылда облыс орталығында жалпы ұзындығы 400 шақырым болатын көше қалыпқа келтіріліп, күрделі және орташа жөндеу жасалды. Бұл жұмыстарға 21 миллиард теңге жұмсалды.