«ҚИЫРДАҒЫ ҚАЗАҚТАР» АТТЫ ДЕРЕКТІ ФИЛЬМДІ ТҮСІРУ БАСТАЛДЫ
Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен алыс-жақын шетелдерде өмір сүретін қазақтардың тарихы мен күнделікті өмірлері туралы «Қиырдағы қазақтар» атты 8 сериялы деректі фильмнің түсіру жұмыстарының басталуына арналған баспасөз конференция өтті.
Аталған жоба Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Төрағасы болып табылатын Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығының 25 жылдығына арналып отыр. Деректі фильмнің мақсаты – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында ұлттық санамызды жаңғырту және төл тарихымызға тың серпіліс әкелу. Алыс-жақын шет елдердегі қазақтарды отанымызға оралуға насихаттау.
Түсірілім әлемнің әр еліне тарыдай шашыраған қазақтар қоныстанған сегіз мемлекетте, атап айтқанда Ресей (Астрахань, Омбы, Орынбор, Қорған), Түркіменстан (Түркіменбашы, Ташауыз, Ашхабад, Чарджоу), Өзбекстан (Бостандық ауданы, Ташкент, Шыршық, Ғазалкент), Тәжікстан (Душанбе, Соғды, Таулы Бадахшан, Хатлон), Қытай (Үрімші, Құмыл, Қарамай, Баркөл, Шәуешек, Құлжа, Мори), Моңғолия (Баян-Өлгей, Қобда, Ұлан-Батыр), Иран (Горган, Бендер-Түркімен, Тегеран, Мешхед), Ауғанстан (Кабул, Құндыз) жүргізіледі деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, National Digital History порталында экспедиция жұмысынан Live режимінде ақпарат таратылып, әлеуметтік желі пайдаланушылары мен интернет қолданушыларына тікелей ақпарат жеткізілетін болады.
Жоба қазақ халқының мәдениетіне, тарихына және салт-дәстүрлеріне жаңаша тұрғыда қарауға, шетелдегі қазақтардың өмірін шынайы көрсетуге мүмкіндік береді.