ШІРІК-РАБАТ – ЕЖЕЛГІ МӘДЕНИЕТ ЖАУҺАРЫ
Шірік-Рабат кешені Қызылорда қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 300 шақырым, Қармақшы ауданы Т.Көмекбаев ауылынан оңтүстікке қарай 100 шақырымдай жерде, Жаңадарияның ескі арнасының сол қапталында орналасқан. Зерттеушілер қамал-қабырғалардың сырты айнала су толтырылған орлармен қоршалғандығын және Шірік-Рабат кешенінің б.д.д. VІІ-ІІ ғ.ғ. масагеттердің (Ұлы сақ ордасы) апасиак тайпасының астанасы болғандығын алға тартады.
Шірік-Рабатта, сонымен қатар Бәбіш-Мола, Бұланды, Ұйғарақ, Түгіскен секілді ежелгі өркениет ескерткіштеріне алғашқы ауқымды қазба жұмыстарын өткен ғасырдың орта шенінде Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы жүргізеді. Табанды жұмыс нәтижесінде жоғарыда аталған жәдігерлер жөнінде құнды деректер алынып, бастауын Сырдан алатын ескі арналар бойынан қола, ерте темір дәуірінің жерлеу орындары мен тұрақтары, қалашықтар мен обалар, асарлар, антикалық, ортағасырлық елді мекендер, қорғандар анықталады. Жалпылама «Жетіасар алқабы» деген атаумен танымал бұл ескерткіштер кешені тамырын тереңге жіберген, қазақ елінің сан-салалы тарихынан мол мағлұмат беретін алып бір бәйтерек іспетті.
Антикалық мәлімет берушілер Страбон: «Скифтердің көпшілігі Каспий теңізінен бастап дайлар деп, ал одан әрі шығысқа таяулары масагеттер және сақтар деп аталады. Бірақ әрбір тайпаның жеке өз атаулары бар. Олардың барлығы көбінесе көшпелі өмір сүреді»., масагеттер туралы: «олар – төзімді атты және жаяу әскерлер; садақ, пышақ, сауыт және мыс балталармен қаруланған. Ұрыс кезінде алтын белбеу және сондай шүберек байлап алады. Аттарының ауыздықтары мен тартпаларына дейін алтындалған» деп жазса, Геродот: «...осы ұлан-ғайыр (Туран) даланың көпшілігін масагеттер мекендейді. Оларға қарсы Кир де соғыс ашпақшы болды. Патша Кир масагеттерді бағындыруды армандаумен болды. Бұл халық – әрі көп, әрі жауынгер саналады, ал өздері шығыста Аракс (Аақс, Оксус, Әму О.Ә.) өзенінің арғы бетінде, исседондар (үйсіндер) жағында тұрады» деген жазбалар қалдырған.
Қазіргі Қызылқұм сахарасында қалған Қуаңдария, Жаңадария, Ескідария, Іңкәрдария, Дайрабай, Ащылысай сияқты ертедегі арналар бойында әр кезеңдегі (жаңа тас, қола, темір дәуірінің, антикалық, ортағасырлық және кейінгі) ескерткіштердің шоғырланып орналасуы ықылым замандағы алып та қуатты өркениеттің бүгінгі таңдағы ұрпақтары екендігімізді аңғартады. Спектр шұғыласының түстерін бір-бірінен ажырата алмайтындай, бұл аталған аймақтың ескерткіштерін кезең бойынша зерттесе де, бір-бірінен бөліп-жарып қарай алмастай біте қайнасып жатыр.
Академик С.П.Толстов: «Жетіасар шамамен б.д.д. ІV ғасырдың жәдігері» деп көрсетсе, Л.М.Левина 1960-1986 жылдары Жетіасарға тереңдетілген қазба жұмыстары нәтижесінде аталған мәдениеттің темір дәуірінен б.з. VІІ ғасырына дейін тіршілігі тоқтамағандығын айғақтайды.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, Елбасының назарындағы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен қаржы қаралып, Шірік-Рабат археологиялық экспедициясы (ШРАЭ) жасақталды. Ә.Марғұлан атындағы археология институты, т.ғ.к. Ж.Құрманқұловтың жетекшілігімен Шірік-Рабат, Бұланды Сеңгіртам кешендеріне қазба жұмыстары жыл сайын жалғасын тауып, құнды заттай деректер мен мәліметтер қатары толыға түсуде.
Бүгінгі күні облыс басшылығы бастамасымен Сығанақ, Жанкент, Шірік Рабат қалашықтарында археологиялық қазба жұмыстары басталып, зерттеулер жүргізілуде.
Бұл бағыттағы шаралар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты кең көлемді мақаласынан туындайтын «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты бағдарламалары аясында жалғасын таба бермек.