АСЫҚТЫ МЕКТЕП БАҒДАРЛАМАСЫНА ЕНГІЗУДІ ҰСЫНДЫ
Қызылорда жастары ұлттық дәстүріміздің асыл мұрасы саналатын асықты мектептегі денешынықтыру бағдарламасына енгізуді ұсынып отыр. Бұл туралы bnews.kz хабарлады.
Ұсыныс авторлары ұлттық спорт түрлерін дамытумен айналысатын «Қайнар» спорт клубының мүшелері.
«2015 жылы біз тұңғыш рет асықтан қалалық чемпионат өткізіп, оған 50 команда қатысты. Чемпионат жүлдесін 200-ден астам қатысушы иеленді, – дейді „Қайнар“ СК төрағасы Талғат Молдахметов.
Клуб мүшелерінің асық ойынын кеңінен тарату туралы бастамасын облыстық федерация төрағасы Жандос Базартай да қолдапты. Осыдан кейін де ұйымдастырылған жарыстарға қатысушылар қатары азайған жоқ.
Төрағаның пікірінше асық ойынын игеру оңай. Балаға бірінші сыныптан-ақ үйретуге болады.
Спорт клубының бұл бастамасын облыс жастары кеңінен қолдап отыр. Студент кезінде осы ойыннан жарыстарға қатысқан Серік Әбіл ұлттық ойынды ұлықтауды жөн санайтын жастың бірі. Ол асықтың баланы ептілікке баулудан бөлек тәрбиелік мәніне баса назар аудару қажеттігін айтады.
Қызылордада соңғы жылдары біраз ойын алаңдары салынды. Ал асық үшін ешқандай алаңның қажеті жоқ. Ең бастысы, ниет болса болғаны.