АРАЛДА БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ
Бүгін З.Шүкіров атындағы Арал қалалық мәдениет үйінде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында аудан тұрғындары арасынан Қостанай облысы өңірлеріне ерікті түрде қоныстануға ниет білдіргендер үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Ж.Әлішева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Г.Жұмашева қатысушыларға бағдарлама жайлы түсіндірме жасады.
Қостанай облысы Әулиекөл ауданы Новоселов ауылдық округінің әкімі Б.Исмаилов пен Чернигов ауылдық округінің әкімі Н.Құрманғалиев бос жұмыс орындары туралы мәлімет берді.
Жиынға қатысушылар мәселеге орай сауалдар қойып, өздеріне жасалар жеңілдіктерден хабардар болды.