ҚЫЗЫЛОРДАДА ОҚУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ МУЛЬТФИЛЬМДЕРДІ ҚАЗАҚШАЛАДЫ
Қазір қызылордалық балғындар қазақша сауатты әрі таза сөйлеуді мультфильм кейіпкерінен үйреніп жүр. Ал ана тілімізді дамытуды мақсат еткен бұл мультфильмдердің авторы Сымбат Абдрахманова бүлдіршіндердің тілін дамытуды басты назарға алған, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Қазақша таза сөйлейтін Сара балалар үшін Спанч Боб, Пеппа торай, Буба мен Машадан да қызықтырақ. Бір ай ішінде кішкентай бүлдіршіндердің жүрегін жаулап алған кейіпкер көрермендерімен бірге түрлі оқиғаларды бастан кешіреді. Жергілікті мультфильм ата-аналардың да көңілінен шыққан.
Қала тұрғыны Сырға Жүнісова Сымбаттың мультфильмдері бала тілінің еркін шығуына, әріптерді дұрыс айтуына көмектескенін айтады.
–Өзімізге керек мультфильмдерді іздестіріп отырып, осы Сымбаттың шығарған мультфильмін таптық. Нағыз тіл дамытуға керекті мультфильм екен. Көбірек түсірілсе дейміз., – дейді ол.
Сымбаттың әуелгі мақсаты мүмкіндігі шектеулі балаларға жәрдемдесу болыпты. Тың идея осы ойдың жетегінде дүниеге келген. Облыстық білім беру басқармасының оқу орталығында қызмет ететін ол бірнеше жоба арасынан мультфильм форматына тоқталыпты.
–Балаларға қазір р,с,л деген дыбыстарды айту қиын. Сол дыбыстарды үйреніп, жақсылап айтсын деп, осы мультфилмдерді дайындадым. Мультфильмде негізінен артикулляциялық жаттығулар, одан бөлек қабылдауға арналған, ойды жеткізіп айтуға арналған өз ойын, есте сақтау қабілетін дамытуға арналған жаттығулар бар. Кейіпкер қиындыққа түседі, соған көмектесу үшін бала әр сатыда кедергілерден өтіп отырады,– дейді туынды авторы. .
Ерекше әдістемелік құрал Абай атындағы ұлттық университеттің дефектология кафедрасында жоғары баға алған. Бүгінде бас аяғы 9 сериядан тұратын екі мультфильм жарыққа шықты. Алғашқысы 5, екіншісі 4 серия. Туындылардың авторы Сымбат аниматорлық дүниесін ары қарай жетілдіріп, үлкен экранға шығаруды армандайды.