САЯЖАЙДАҒЫЛАР МАЛЫНАН АЙЫРЫЛЫП, САН СОҒЫП ОТЫР
Қаланың іргесіндегі «Ягодка» саяжайында апта сайын мал ұрланады. Баукеспелер жайылымды былай қойғанда, қорада тұрған түлікке де қол сала бастаған. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлайды.
Саяжайлықтар енді қолдағы азын-аулақ малын қорадан шығармай отыр. Жайылымдағы түлік ұрылардың жеміне айналғалы бері жергілікті тұрғындар осындай амалға көшіпті.
Күлген Доспембетованың 5 сиыры айдың-күннің аманында қолды болыпты. Мұндай кепті көршілері де тартып отырғанын айтқан ол полицейлердің жайбасарлығына налиды. Сиыры жоғалғалы құқық қорғаушылардан хабар ала алмай отырғанына ренішті.
Ақ адал малы ұрылардың олжасына айнала жаздаған тұрғынның бірі Гүлнұр Молдахожаева. Мектеп жасына жетпеген төрт баласы бар Гүлнұр несиеге алты сиыр алыпты. Соның бірі жоғалып кетіп, абырой болғанда, ізін суымай табылған.
–Сол табылған малдың өзін қайтара алмай біраз уақыт жүрдім, құқық қорғаушылар арызымызға атүсті қарайды, – дейді ол.
Телеарна тілшісіне ішкі істер департаментінің өкілі телефон арқылы сұхбатында мал ұрлығы деректері бойынша жұмыс жүріп жатқанын алға тартты.
–Малдары қараусыз жайылады, ол жоғалғанда міндетті түрде қылмыстық іс қозғалып, тіркеледі. Малын алдырған тұрғындар күдікті автокөлік бар деп айтқанмен оның заттай айғақ, дәлелі жеткіліксіз. Бірақ, қол қусырып отырған ешкім жоқ, жоғалған малды табуға жұмыс жасап жатырмыз,– дейді қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің басшысы Ермекбай Құдайбергенов
Телеарна тілшісіне осы мәселемен Жаңақорған ауданы Манап ауылының тұрғындары да телефон шалыпты. Ауыл тұрғыны Бейбіт Ісқақов маусым айында қорасынан жүз жиырма бас қой жоғалғанын айтады. "Құзырлы органдарға хабарласқанымызбен нәтиже болмай тұр" деген ауыл халқы енді базынасын кімге айтарын білмей отырған көрінеді.