КӨНЕНІҢ КӨЗІНДЕЙ КӨРКЕМ КЕШЕН
Қызылорда қаласындағы ең көне сәулет ескерткішінің бірі Айтбай мешіті. Ғимарат Қызылорда қаласындағы тарихи һәм көрікті ғимараттың бірі
Мешіт 1878 жылы Перовск қаласы тұрғындарының қаражатына салынған. Қаржының көп бөлігін Бұқара қаласының тумасы Айтбай Балтабаев құйды деген дерек бар. Құрылыс 1875 жылы басталып үш жылға жалғасыпты. Мешітті Әулиеатадан келген Исқан мен Қамал деген шеберлер салыпты.
Айтбай мешіті 500 адамға арналды, одан басқа ғимаратта медресе мен кітапхана орналасты.
1980 жылы Айтбай мешітінің ғимаратын «Казпроектреставрация» институтының сәулетшілер тобы зерттеп шықты. Сәулет жобасы жағынан сол ғимарат ұзартылған тіктөртбұрышты болып, оның өлшемі 22х16 м құрайды. Қабырғалары күйілген кірпіштен салынған, темір төбесімен жабылған. Мешіттің қасбеті және мұнарасы әшекейлі кірпіш қалауымен безендірілген. Ішкі көріністері сыланған және ақталған, төбесі боялған. Ғимаратпен аула құрылыстары жанасып тұр, олар мешітпен бірге ортақ кешенді құрайды. Сол жай ішкі жағынан зал және вестибюльге бөлінген.
1982 жылы мешіт ғимараты Қазақстандағы республикалық маңызындағы тарих пен мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілген және мемлекет бақылауына алынған.
2013 жылы осы жолы ғимараттың қайта қалпына келтірілуі мемлекеттік қаржыландырудан өтті, жұмысты бекітілген жобалар бойынша «Казреставрация» мамандары жүргізді. Мешіт қайта қалпына келтіруге барлығы 114 миллионнан астам теңге жұмсалды.