ОТБАСЫНЫҢ МЕРЕЙІН АСЫРҒАН КҮН
Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде «Менің көңілді отбасым» байқауы өтті. Отбасылық тәрбие мен өнегені насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараға бірнеше отбасы қатысып, шаңырақтағы жарасым мен бірліктің үлгісін көрсетті.
Талдау және тәуекелдер басқармасының басшысы Темірлан Қожаназаровтың отбасылық командасы жұбайы Айнұр, балалары Әліби мен Зереден құралды. Кедендік бақылау басқармасының бас маманы Шахмардан Бермағамбетовтің жұбайы Айнұр да кеден қызметкері, оларға ұлдары Даниял мен Әділет қосылып, команда болып шықты. Ал көпбалалы әке Қасым Ысқақовтың командасындағы жұбайы Құралай мен қыздары Әйгерім және Мәлика ерекше татулық пен бірлікті көрсетті.
«Шармен тіркелген поезд» ойыны арқылы отағасының өз отбасын басқарып жүру әдісі мен қамқорлығы көрінді. Түрлі танымдық сұрақтарға жауап іздеген аналар ұлттық тәрбие мен ана тіліне деген өз көзқарасын және құрметін жеткізді.
«Білекті әке сыйлығы» деп аталатын сайыс жігіттердің білек күшін сынға салды.
Бәрінен де қызық байқаулар балалардың қатысуымен өтті. Кішкентайлар алақанын бояуға малып сурет салды. Шарт бойынша осы бояулардан аналары өз баласының алақанын танып алуы қажет болды.
Ересек балалар «Менің арманымдағы үй» тақырыбына сурет салды. Бірінен бірі өткен зәулім үйлердің қайсысы өз баласының арманы екенін айырып алу үшін әкелер мен аналар біраз ойланды.
Отбасының төрт мүшесі бір-бірін қапсыра құшақтап тұрғанда олардың сырт көлемі өлшеніп, «Ең сымбатты отбасы» таңдалды.
Балалар жаңылтпаш сұрақтар мен жұмбақтарға жауап беріп тапқырлықтарын да танытты.
«Мерейлі күн» мерекесіне еңбектеп жүрген тәй-тәйлар да шақырылды. Санжар мен Нұртас жарыс жолына шығып, жан жағын тамашалап біраз отырды. Кілем үстінде әрі-бері шапқылаған кішкентайлар барлық көрерменнің қошеметіне бөленді.
Мерекенің сәнін бірқатар қызметкерлердің өнерлі балалары әнмен, күймен кіргізді.
Еңбектеген де, ән салып, күй төккен де сыйлық алды.
Ал көңілді үш отбасын департамент басшысы Серік Мұстафаев пен кәсіподақ комитетінің төрайымы Мария Ысқақова құттықтап, Алғыс хаттармен, бағалы сыйлықтармен марапаттады.