«ОРДАБАСЫ» КОМАНДАСЫ ЖАРТЫ МИЛЛИАРД ТЕҢГЕГЕ САТЫЛДЫ
«Ордабасы» футбол клубы 502 млн. теңгеге сатылды. Әзірше аты-жөні құпия сақталып тұрған жаңа қожайын клубты электронды сауда арқылы сатып алған, деп хабарлайды tvk-uko.kz.
Осыған дейін мемлекеттік мүлік реестрінде Оңтүстік Қазақстан облысынан премьер-лигада ойнап жүрген жалғыз команданың сатылатыны жайлы хабарландыру жарияланған еді. Клубты сатып алуға «БИИК» Спорт сервис», «Намыс» спорт орталығы және бір жеке адам ықылас білдірген.
Облыстық бюджеттен қаржыландырылып келген команданың бастапқы бағасы 248 млн. болып белгіленген. Бүгін осы облыстағы қаржы басқармасының өкілдері тендердің өткендігін мәлімдеді. Команда үшін жаңа қожайын 502 млн. теңге төлепті.
"Ордабасы" ФК 1998 жылы құрылған. Алғаш құрылған жылдары команда «Томирис» деп аталып, 5 жылдан кейін қазіргі атауды иеленді. Биылғы премьер-лига кестесінде команда 38 ұпаймен үшінші орында тұр.