ЕСІРТКІ БИЗНЕСІНЕ ҚАРСЫ КҮРЕС БАСҚАРМАСЫНА 5 АВТОКӨЛІК БЕРІЛДІ
Облыстық ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы мен кинологиялық қызмет орталығының теңгеріміне 5 автокөліктің кілті табысталды. САN-AM Commander 800 DPS пен «Toyota HILUX» автокөліктері күрделі аумақтарды жоғары жылдамдықпен жүріп өту мүмкіндігіне ие болса, ГАЗ-27527 «Соболь» автокөлігі иттерді тасу үшін жарақтандырылған. Көліктер Қазақстан Республикасындағы АҚШ елшілігінің қарамағындағы Әскери ынтымақтастық бөлімінің қолдауымен қайтарымсыз негізде алынып отыр, деп хабарлайды ІІД баспасөз қызметі.
Мамандардың айтуынша бұл аймақта есірткінің заңсыз айналымын болдырмау, нашақорлықтың алдын алу бағытындағы жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бермек.
Шараға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі А. Ерсейітов, Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Серік Шотаев, департамент басшылығы мен қызметкерлері қатысты.
ҚР ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау департаменті бастығының орынбасары А.Ерсейітов есірткіге қарсы күрес бағытындағы басқа да бастамалар жайлы айтып өтті.
Қызылорда облысы Ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Ғани Төлебаев бұл техникалар есірткі құралдарына қатысты заң бұзушылықтарды анықтау, есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыруға септігін тигізетінін жеткізді.
Атап өтерлік жайт, құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді анықтау, осындай деректерге қатысты келіп түскен хабарламаларға жедел түрде ден қойып, барлық құзырлы қызмет салаларымен осы бағыттағы жұмысты үйлестіру мақсатында 2017 жылы Қызылорда облыстық Ішкі істер департаментінде «Дельта-Сырдария» арнайы бөлімшесі құрылған болатын.