ЕТ ЭКСПОРТЫНА ЖОЛ АШЫЛДЫ
Сыр өңірі ет экспорты аусыл дерті Гиссар тұқымы вакуумдық аппарат Сыр өңірі аусылдан айыққан аймақтар қатарына қосылды. Төрт түлікке жабысқан бұл дерттің дендеуіне байланысты еліміздің 5 облысы 2011 жылдан бері оқшауланған болатын. Ветеринарлық шаралардың жүйелі жүргізілуінің арқасында қызылордалық шаруалардың ет экспортына жолы ашылды, деп хабарлайды 24.kz.
Сырдария ауданындағы бұл шаруа қожалығында әлемдегі ең үлкен қой саналатын Гиссар тұқымы өсіріліп жатыр. Алдағы жылдары мұндағы асыл тұқымды алып қойдың санын 10 мың басқа дейін көбейту көзделіп отыр. Ал түпкі жоспар – жылына 250 тонна қозы етін өндіру. Ол үшін бордақылау алаңының ішінен ет комбинаты салынып та қойған. Енді тиісті құрылғыларын орнату ғана қалып тұр.
- Осы жылдың қаңтар айы мен наурыз айының аралығында 1350 бас қозы алдық. Қойдың саны қазір 3,5 мыңға жетіп тұр. Келешек бордақылаудың ішіне вакуумдық аппарат қоюды отырмыз. Етті вакуумдық аппаратта сақтап, экспортқа шығару мақсатымыз бар, - дейді шаруа қожалығының жетекшісі Дәулет Сәрсенбаев.
Соңғы жылдары өңірде мал шаруашылығының өрісін тарылтқан аусыл ауруын жою жұмыстары жүргізілді. Тиісті ветеринариялық шаралар кешенді түрде ұйымдастырылды. Халықаралық эпизоотиялық ұйым мамандары арнайы жоспарға сәйкес жүздеген түліктің қан құрамына зертханалық сараптама жасады.
Қызылордалық кәсіпкерлер биыл бірінші рет 100 тоннадай ет өнімдерін экспорттамақ. Сырбойылық шаруалардың жыл сайын мың тонна етті шетелге шығаруға қауқары жетеді. Өйткені аймақта ірі ет комбинаттарын салуға шетелдік инвесторлар да ниет білдіре бастаған. Қазірдің өзінде Иран, Қытай, Ресеймен бірге Еуропа елдерінен Қызылорданың етіне сұраныс түсіп жатыр.