ЖЕРГІЛІКТІ ОМАРТАШЫЛАРҒА СУБСИДИЯ АЛУДЫҢ ЖОЛЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
Биылдан бастап омарташылардың бал арасының ұясы мен селекциялық жұмыстарды жүргізуге кеткен шығындарын үкімет тарапынан субсидиялау шаралары жеңілдетілді. Бұл туралы Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы алаңында Кәсіпкерлер палатасы мен БҰҰ Даму бағдарламасының ұйымдастыруымен өткен омарташылар кездесуінде айтылды.
Шараға «Бал-Ара» Қазақстан омарташылар қауымдастығының вице-президенті Ғабит Нұрәділ, сондай-ақ аймақтағы омарташылар қатысты.
Шара барысында Кәсіпкерлер палатасы Агроөнеркәсіптік кешені бөлімінің бастығы Жасұлан Серіков асыл тұқымдық жұмыстарын жүргізу үшін субсидия алу ережелерімен таныстырып өтті.
–Талдау көрсеткендей, біздің өңірден осы уақытқа дейін бал арасын өсіргені үшін субсидия алған омарташы жоқ екен. Оған бірнеше себеп те бар. Мәселен, осы уақытқа дейін ереже бойынша асыл тұқымды бал арасын өсіргені үшін субсидия алуға ең азы 100 бал ара ұясы болу қажет болатын. Ал қазір, омарташылар үшін қуанышты жаңалық – «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына» осы жылдың 27 қаңтарында өзгеріс енді. Жаңа ереже бойынша ендігі қойылатын талаптар кемінде 10 бал ара ұясы болуы қажет, есепті жылдың 1 қаңтарына сәйкес бал арасын өсіретіндігі туралы Статистика органдарына есеп беру керек, – деді ол.
Сонымен қатар, селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарды жүргізіп отырғанын растайтын арнайы мамандар тексеруінің оң нәтижесі мен бал ара шаруашылығы ретінде жергілікті атқарушы органнан есепке алу нөмірін алу керек.
Жалпы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы инвестициялық субсидия беру талаптарына омарта кәсібін жүргізуге қатысты паспорттарын қосып, толықтыруға өзгерістерді ұсынған болатын. Бұл ұсыныстар бүгінде ҚР Ауылшаруашылық министрлігі тарапынан қолдау тапты. Енді құжат түрінде бекітілсе, омарта кәсібіне қажетті кейбір шаруашылық заттары мен жабдықтарының 50 пайызы субсидияланатын болады.
Кездесу барысында мұнан өзге омарташылардың өзекті мәселелері де талқыланды. Бүгінде омарташылардың негізгі мәселелерінің бірі - балды сату мәселесі болып отыр екен. «Кейде өндірген өнімдерімізді қайда сатарымызды білмейтін қалатын жағдайлар болады» дейді олар. Басқосуда бұл мәселенің де шешімі табылды: омарташылар бірігіп кооперация құратын болды. Қазір дайындық шараларын бастап та кетті.
Шара соңында кездесуге қатысушылар омарташы Илшат Қалиевтің шаруашылығында болып, жұмысымен танысты.