ИІСІ ТҮРКІ ЖҰРТЫНА ОРТАҚ МҰРА
Қызылорда облысындағы Асан ата кесенесін Орталық Азиядағы барлық түркі халықтарының ортақ мұрасы деуге болады. Кесене Қызылорда облысы Шиелі ауданы Бәйгеқұм теміржол бекетінен шығысқа қарай 5 шақырым жерде орналасқан. Салынған уақыты шамамен – XVI ғасыр.
Әйгілі ескерткіш мемлекеттік қайраткер, ақын және фәлсафашы Асан Қайғы Сәбитұлына арналып салынған деген дерек бар.
Қазақ аңыздары бойынша Асан Қайғы Қоқан, Бұқара, Хиуа, тіпті қиырдағы Қашғарға барып қайтқан. Дала данасының басты фәлсафалық жолы халқын құрғақшылық қорқыта алмайтын, аурулар мен дұшпандардың қолы жетпейтін жерұйықты іздеу болды.
Сәулет жағынан кесене ғимараты кіреберісі мен күмбезі бар ортағасырлық ритуалды нысан. Негізгі құрылыс материалы ретінде саз ерітіндісінде күйдірілген кірпіш қолданылған.
Күмбез және күмбез астындағы орын-жай 3,8 м және 6,98 м мөлшерлі берік тікбұрышты кіреберіске сүйенген. Жерден күмбез ұшына дейін ғимараттың ұзындығы 7,76 м. Күмбездің сегіз қырлы құрылысы бұрышты сүйірленген аркалардан тұрады. Кесененің ішкі интерьері цемент және саз ерітінділерімен әрленген қабырғалар.
Ескерткіштің тарихи құндылығы кеңес кезеңінің өзінде ақ белгілі болған. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен 1982 жылы Асан ата кесенесі республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштер тізіміне енгізіліп, мемлекеттік қорғауға алынған. Иісі түркі жұртына ортақ мұра қазір де мемлекет қорғауында. Кесененің жан-жағы абаттандырылып, оның сыны бұзылмауына жергілікті билік баса назар аударып келеді.
Кесенеге Орталық Азияның көптеген түркі елдерінен өзбектер, қарақалпақтар, түрікмен мен қырғыздар келеді. Келушілер үшін Бәйгеқұм теміржол бекетінен автокөлік бағдары ұйымдастырылған.