ТӨРТ ЖҮЗ ОТБАСЫ СОЛТҮСТІККЕ КӨШУГЕ БЕЛ БУЫП ОТЫР
"Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту" бағдарламасы аясында биыл оңтүстіктен солтүстікке көш жалғасын табады. Бүгінде біздің облыстан 400 отбасы Солтүстік Қазақстан облысына көшуге бел байлап отыр. Солтүстік Қазақстан облысының 13 ауданында да мамандық иелерінің тапшылығы сезіледі. Мысалы, қазір онда мұғалімдер жетіспеушілігі қатты байқалып отыр. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласының мамандары, электромонтерлар, инженер-механиктер, дәнекерлеушілер де тапшы. Тіпті мемлекеттік қызметте де бос орындар бар.
Қоныс аударушылар үшін көтерме ақы төленіп, үй жалдауға және коммуналдық қызмет ақыларына қаржы беріледі. Сонымен қатар, жер телімін алуға да мүмкіндік бар. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы М.Ергешбаевтың айтуынша солтүстік өңірдегі жұмыс берушілер алдымен қоныс аударуға ниет білдіргендерді жұмыс орнымен, тұратын баспанасымен таныстырады. Сондай-ақ көшіп барғандарды қажет мамандыққа оқыту да қарастырылып отыр.